Бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқаларының төрағалары қатысты.
Облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 11 қадамының орындалуын және сот жүйесінің түбегейлі жаңғыртылған жаңа моделі құрылып, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау аясы кеңейтілгенін атап өтті.
«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың басынан соттар үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Бұл бірінші және апелляциялық сот сатыларының рөлін айтарлықтай күшейтіп, облыс соттары жұмысының тиімділігін арттыруға өз септігін тигізуде. Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Прокурорлардың азаматтық істер бойынша сотқа қатысуы заңнамалық тұрғыда қысқартылып, тергеу судьяларының құзыреті кеңейтілді. Сонымен қатар, судьялардың жаңа Әдеп кодексінің жобасы әзірленіп, ол Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды және оған Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы сарапшылары оң қорытынды берді. Жаңа Әдеп кодексі ағымдағы жылдың қазан айында өтетін судьялардың VII съезінде қабылданады деп күтілуде», - деді ол.
Одан кейін төраға журналистерге биылғы алты айдағы облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру мақсатында атқарған жұмыстары туралы мағлұмат беріп, облыс соттарында бірінші жартыжылдықта ауқымды жұмыстардың атқарылып, істердің қаралу сапасы жақсарғанын айтты.
Бүған қоса Нұрсерік Кәрімұлы басқа да статистикалық мәліметтерге және 2016 жылдың 6 айында облыс соттары тарапынан өткізілген іс-шаралар мен БАҚ-пен арадағы өзара қарым-қатынасқа тоқталып өтті.
Өз кезегінде сөз алған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы З.Пірнияз бен азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетов облыс соттарында қаралған қылмыстық және азаматтық істер бойынша статистикалық мәліметтерді келтірді.
Баспасөз мәслихатының соңында Н.Шәріпов журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.