ОҚО әкімдігінің қолдауымен құрылған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы тарапынан 2009-2016 жылдар аралығында 13 мың жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 12 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты.
Серіктестік қаржыландырудың бірнеше бағыты бойынша жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарын құру, индустрияландыру картасына енген жобаларды жүзеге асыру, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қолдау, көктемгі егін егу, жинау жұмыстарын ұйымдастыру.
Осы бағыттар бойынша, шығынын өтеп, өз пайдасына жұмыс жасап отырған шаруақожалықтың бірі, Сарыағаш ауданының Жемісті елді мекенінде орналасқан республика шаруашылықтары үшін элиталық жеміс-жидектермен мен жүзім көшеттерін өсірумен айналысатын «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС. Аталмыш шаруа қожалығы орталықтан 15 млн. теңге несие алып, сыйымдылығы - 240 тоннаны құрайтын өнім сақтау қоймасын салған. Одан бөлек, Кореядан арнайы күндігіне 3 гектар жерге қажет дәнді егетін көшет отырғызу құрылғысын алған. Атап өту керек, бүгінде шаруақожалық 13 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, «Максимум» АИО-нан қаржы көзін алған кәсіпорындардың бірі «Келесгидрострой» ЖШС-нің «Рысжан» су электр стансасы. Аталмыш жобаның жалпы құны – 156 млн. 55 мың теңгені құрайды. Бүгінде «Рысжан» СЭС тәулік бойы жұмыс жасап, орташа есеппен тәулігіне 16-26 мың КВ. электр қуатын өндіреді. Осы күнде аталған стансада 12 жергілікті тұрғын жұмыс жасауда.
Айта кету керек, «Максимум» қаржы орталығы ашылғалы бері Сарыағаш ауданында 2 707,4 млн. тенгеге 1053 жобаны қаржыландырған. Бүгінде бұл орталық өз кәсібін ашамын деушілерге зор мүмкіндік сыйлап отыр.