Шымкентте аса ауыр қылмыс түрі азайған. Бұл туралы Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімі хабарлайды.
Мәселен, шаһар аумағында осы жылы 6 ай көлемінде былтырғы жылдың көрсеткіштермен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар 37 пайыз, адам өлімі 40,9 пайыз, қарақшылық 40 пайыз, әйел зорлау 30,9 пайыз, бұзақылық 13 пайыз, пәтер ұрлығы 6,9 пайыз, ал, мал ұрлығы 15,6 пайызға төмендеген.
Тіпті, осы жылдың 6 ай көлемінде қалалық құқық қорғау қызметкерлерінің іздестіру іс шараларының барысында қала аумағында автокөліктерді заңсыз айдап әкету мен автокөліктердің салонынан бағалы заттар мен бөлшектерін ұрлау қылмыстары бойынша 19 қылмыстық топ және қалта ұрлығы бойынша 3 топ құрықталды. Қазіргі таңда орын алған қылмысқа қатыстылығы дәлелденіп, айғақты заттар тәркіленіп қылмыстық істер сотқа жолдануда.
Сонымен қатар, шаһар аумағындағы автокөліктерді заңсыз айдап әкету және автокөліктерден аккумулятор ұрлығы бойынша 20-ға жуық қылмыс дәлелденіп айғақты заттар тәркіленіп, тексеріліп тергеу амалдары жүргізілуде. Қаладағы «Автонұр», «Қырғы базар», «Самал» базарларында қалта ұрлықтары орын алуына байланысты полиция құрылымдары тарапынан қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ішкі істер Министрлігі және Қазақстан Республикасында ұялы байланысты орнататын ұялы операторлармен арадағы жасалған келісім шартқа орай, ұрланған ұялы телефондар арнайы арызбен байланыстан (блокировка) ажыратылады.