Қазығұрттық шаруалар жылдағыдан артық бау-бақша өнімдерін жинауда

Аймақ
19.07.2016, 23:10

13775898_1015393798576959_3978394310422141611_nОңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өңірдегі республикалық телеарналардың меншікті тілішілері мен жергілікті журналистерге Қазығұрт ауданына пресс-тур ұйымдастырды. Тілшілер онда «Амангелді» ЖШС-нің жүзім алқабымен және бау шаруашылығымен танысып, шаруалармен жүздесті.

Бүгінде мұнда 150 гектар алқапқа егілген жүзімнің жаздық түрлері жиналып, ішкі нарықта саудалануда. Атап айтқанда, қазығұрттық шаруалар баптаған балғын жүзімдер қазіргі таңда Шымкенттен бөлек, Алматы, Астана және Ақтөбедегі сауда үйлерінде сатылуда. Тамшылатып суғару әдісі арқылы өсіріліп жатқан жүзім алқабында жүзімнің 7-8 түрі өсірледі.

Шаруашылықтың мұнан бөлек, 400 гектар бауы да бар. Онда бүгінде алма, алхоры, шабдалы сынды жеміс түрлері пісуде. Шаруалар жыл соңына дейін 2 мың тонна жүзім, ал бау өнімдерінен 2 мың тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға көп дейді.

Ал жиналған өнім серіктестіктің арнайы мұздатқыш қоймасына сақталуда.  Сыйымдылығы 2 мың тонна болатын сақтау орнындағы 10 камера толықтай толған уақытта ондағы өнімдер отандық нарықтан бөлек, шетелдік нарыққа шығарылады. Бүгінде 1 мың гектар егістікке бидай, мақсары, жеміс-жидек пен жүзім өсіріп отырған серіктестік 1999 жылы құрылған.

Осылайша, Күнгейде ауыл шаруашылығы дақылдарының жиын терім науқаны қарқынды жүргізілуде.13716105_1015393885243617_8919757293515532050_n Қазіргі таңда диқандар 350 мың тоннадан астам көкөніс, 120 мың тонна картоп, 240 мың тоннадан астам бақша өнімдерін жинады. Олар өздерінің өнімдерімен еліміздің барлық өңірлерін қамтып, артық өнімдерді Ресей мемлекеті мен солтүстік облыстарға жөнелтуде.

Жалпы, облыстағы жеміс дақылдары мен жүзімнің барлық егіс көлемі 31 мың гектарды құрайды. Оның 20,6 мың гектары жеміс дақылдары болса, 10,4 мың гектары жүзім болып отыр. Осы егістіктен биыл 110 мың тонна жеміс-жидек пен 63 мың тонна жүзім жиналады деп күтілуде. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда жүзім бойынша 22 мың тоннаға, жеміс бойынша 49 мың тоннаға артық деген сөз. Бүгінгі таңға 14 мың тонна жеміс жиналды. Оның басым бөлігі өзге мемлекеттерге экспортталып жатыр. Осы жылы Мәскеудің нарығымен қоса, Иваново және Екатеринбург қаларының нарықтары біздің кәсіпкерлеріміз үшін ашылып отыр.

Жалпы облыстан негізінен экспортқа картоп, көкөніс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнімдері, өсімдік майы, құс еті және мақта талшықтары шығарылады.

Сұхбат

PhotoRoom