Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін айтып, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы өңірдегі инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиістігін атап өтті.
Осы мақсатта Арыс қаласында да кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі қаламыздағы кәсіпкерлер мектебіндегі арнайы курстар.
Онда өз кәсібін енді ашуды жоспарлап жүрген бастамашыл тұрғындар мен оны әрі қарай дамыту ниетіндегі кәсіпкерлерге кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқытылады. Қысқа мерзімдік оқыту жобасына қатысушыларға бизнесті ашу, маркетингтік және басқарушылық қабілетті дамыту, қаржы заңдылығы секілді бизнесті сауатты жүргізуге қатысты мәселелерде тәжірибесі мол, білікті Арыс қалалық кәсіпкерлік мектебінің бизнес тренері Ж.Кенжебеков дәріс беруде.
Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге бағытталған осынау оқыту курстарына қатысқан жергілікті 20 азаматқа таяуда арнайы сертификаттар мен кітаптар табысталды. Өз кезегінде, оқу курсына қатысушылар жетекшілерге өз алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта кәсіпкер атанып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге барын салатынын жеткізді.
Жалпы облыс бойынша кәсіпкерлік мектебінде толық оқу курсын жыл басынан бері 4 376 адам бітірген. Ал рұқсаттама құжаттарын рәсімдеу бойынша 2 460 адам қызмет алған. Сондай-ақ, маркетингтік және бизнес жоспарлау бөлімімен 892 жоба жасалып, оның 574-і қолдау тауып, жалпы сомасы 1,6 млрд.теңгеге қаржыландырылған.