Жақын арада Шымкентте Street workout спорт алаңдары бой көтереді.Бұл туралы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз орталығы хабарлады.
Олардың айтынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті еліміздің аймақтарында ашық аспан астында спортпен айналысуға арналған спорт алаңдарын ашып жатыр. Осыған орай Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Қазақстанның Street Workout федерациясының өкілдері Шымкент қаласында болып, облыс және қала басшылығымен кездесті.
«Қазіргі таңда болашақ спорт алаңдары салынатын жерлер анықталып, дйындық жұмыстары жүріп жатыр. Шымкентте осындай 4 алаң болады. Оның әрқайсысында 20-дан астам спорт құралы болады», делінген хабарламада.
Аймақтардағы белсенді жұмыстар Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен жүргізіліп жатыр. «Басты мақсат - балалар мен жастарды дене шынықтыруға баулау, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту. Ашық аспан астындағы спорттық алаңдар кез келген жастағы адамдардың денсаулықтарын нығайтуға септігін тигізу», деп аталып өтілген баспасөз хабарламасында.