Шымкент зообағына Қызыл кітапқа енген тік мүйізді текелер, бөкендердің жұбы және ұрғашы қодас жеткізілді. Олар Ресейдің Ярославл қаласындағы жануарлар бағынан қоныс аударды, деп хабарлайды BNews.kz.
Жануарларды алып келген зообақ директорының орынбасары Латифша Әлиев мұндай жануарларды тасымалдауда талаптарды мүлтіксіз орындау қажет екенін айтады.
«Тәуліктің қай мезгіліне қарамастан, әр үш сағат сайын тоқтап, жануарларды тамақтандырып, жағдайларын тексеріп отырдық. Сирек кездесетін тіршілік иелерін тасымалдау тәуекелді жұмыс. Олар жол үстінде қандай қылық танытарын ұғып білу қиын», – дейді Латифша.
Зообақта жануарларға орын алдын ала сайланған. Текелер аласа жота қарастырылған қоршауға қамалса, ал Африканы мекендейтін бөкендер табиғат аясына сай етіп жасалған торға орналастырылды.
Ал зообақтан мекен тапқан қодасқа енді серік іздестіріліп жатыр. Шымкенттегі жануарлар бағында бұрындары да қодас мекендеген болатын.