Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Шымкент қаласында осы жылдың 21-22 қыркүйек күндері «Ontustik Tourism Forum» халықаралық туристтік форумы өтеді деп жоспарлануда.
Форум аясында «Жібек жолындағы жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында бизнес-конференциялар және «Silk Road Fair» атауымен жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сонымен қатар ОҚО бойынша тест-турлар өтеді.
Форумның басты мақсаты туризм саласындағы серіктестікті нығайту болып табылады. Форум барысында қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасатын болады. Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және қазақстандық туроператорлар, инвестициялық компаниялар, туристтік ассоциациялар және халықаралық тәуелсіз сарапшылар шақырылған. Аталған шараға 250 қазақстандық және алыс-жақын 10 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде.
Форум барысында орын алған барлық жаңалықтар отандық және халықаралық БАҚ-тарда таратылатын болады.
Айта кетейік, туристік әлеуеті зор бұл өңірде бірнеше ай бұрын «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық мекеме тұрғындар мен қонақтарға алты бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді.
Орталықтың ең басты ерекшелігі сол, мұнда өңір тұрғындары мен қонақтарына «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіле отырып, мекеме ғимаратында туроператорлар, гид-аудармашы, көші-қон қызметі мен транспорттық мекемелер және ұлттық парк өкілдері шоғырландырылған. Бұл өз кезегінде туристерге туристік қызметті кешенді түрде алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді.