«Иілгіш тас». Бұл - Шымкентте шығып жатқан жаңа құрылыс материалы. Жапсырма тас үй ішін безендіріп, ғимарат сыртын қаптауға арналған.
Шымкенттік кәсіпкер Гүлнәр Жолдыбаева жаңа технологияның қыр-сырын бес саусағындай меңгеріп, қазір өз тауарымен отандық және шетелдік нарықты толық қамту мүмкіндігіне ие.
Істің көзін тапқан шымкенттік Гүлнәр Жолдыбаева бұл кәсіпті бастамас бұрын Ресейде оқып келді. Аяқ алысы жаман емес. Тәулігіне 250-330 шаршы метр өнім шығарып жатыр. «Қазақстанда жасалған» деген сауда белгісімен өндірілетін құрылыс заттарының өзгелерге қарағанда бағасы арзан, сапасы әлдеқайда жоғары. Әрі экологиялық таза.
Гүлнәр Жолдыбаева, кәсіпкер
Жай құмсылақпен салыстырғанда мынандай табиғи тектес фактураны жасау мүмкіншілігі жоқ. Ал, иілгіш тастың мүмкіндігі ондайға бар. Таза табиғи тас тектес. Осы қалпында, осы түсін, осы тегін сақтап қалады 20 жыл бойы. Суықтан, ыстықтан қорықпайды. Шыдас береді.
Көздің жауын алатын түрлі- түсті өнімнің негізгі шикізаты- кәдімгі құм. Тазартылған, жоғары сапалы өнім алдымен, тығыздалған қалыпқа салынады. Тапсырыс бойынша құмның түрі де, түсі де әртүрлі. Табиғи кескін бірнеше үдерістен өтіп, дайын өнім арнайы сөрелерде кептіріледі. Шағын цехтың жұмыс бастағанына жылдың жүзі. Қазір тірлік қызу. Жұмысшылар иілгіш тастың жасалу жолдарын толық меңгеріп алды. Тіпті, мықты дизайнерлер деуге де болады.
Мұхаммед Серікбай, жұмысшы
Мен осында ашылғалы бері жұмыс істеп жатырмын. Алғашында біраз қиындықтар болды. Кейін үйреніп кеттім. Негізгі жұмысым қалыпқа салынған құмға желім сеуіп, оған арнайы жабысқақ материалды орналастыру. Жұмысым өзіме ұнайды...
Отандық тауардың құрамына 12 түрлі қоспа қосылады. Ыстыққа төзімді. Суыққа шыдас береді. Иілгіш таспен үйдің ішкі қабырғаларынан бастап, қасбеттері мен бағаналарды, тіпті, суреттерді де безендіруге болады. Жеңіл әрі иілгіш. Тез құрастырылады.
Іскер келіншек Қазақстанда баламасы жоқ экологиялық таза өнімді экспортқа шығармақшы. Тапсырыс көп. Қазірдің өзінде Ресей, Шри Ланка, Әзірбайжан, Беларусь елдеріне шымкенттік өнім жол тартпақ,-деп хабарлайды shymkenttv.kz.