Шымкентте ҮИИДБ аясында ашылған кәсіпорындар екінші желісін іске қосуда

Аймақ
24.07.2016, 21:52

img-7379Шымкентте үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар дамудың келесі сатысына өтуде.

Бұған жеңілдетілген тәртіппен берілген несиелер де септігін тигізіп отыр. Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриалды аймағында  орналасқан бірнеше кәсіпорын бүгінге дейін өміршеңдігін дәлелдеп, екінші желілерін іске қосуға ниетті.

«Еврокристалл» зауыты - өңіріміздегі шыны өндірумен айналысатын бірегей кәсіпорын. Мұнда бүгінде 253 азамат жұмыспен қамтылған. Жалақылары тұрақты. Себебі, өнімге сұраныс жоғары. Ел нарығын айтпағанда, көршілес елдерден келетін тапсырыс көлемі күн санап артып келеді. Сондықтан өндірісті ұлғайту қажеттілігі туындап отыр.

Ал, қозғалтқыш майларын өндіретін «Хил корпорациясы» ендігіде қолданылған майды қайта өңдеуге бет бұрмақ. Бұрын бұл май зауыттарда жағылатын. Ендігіде тазартылып, қозғалтқышқа құюға жарамақ. Ол үшін Қазақстан қайта құру банкінен  3,5 миллиард теңге көлемінде қаржы алды. Жылына 12 пайызбен алған несиенің 6 пайызын мемлекет төлейді. Сөйтіп, 2017 жылы өтетін «ЭКСПО» көрмесінде Отанымызда өндірілген экологиялық таза майларды көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Ал, «Байер групп» серіктестігі ағаш полимер композитінен құрылысқа қажетті  дүниелерді жасайды. Ағаш ұнтағы мен пластиктің қоспасы ыстық-суыққа бірдей төзімді.

Сонымен бірге шөлмектердің қақпағын дайындайтын «Спирит Қазақстан» серіктестігі де пластик ыдыстар мен  қақпақ шығаратын екінші желісін іске қосуда. Үдемелі индустриалды – инновациялық дамудың алғашқы 5 жылдығында жұмысын бастаған жергілікті кәсіпорындар осылайша өндірісті ұлғайтып отыр. Бұл дегеніңіз - жаңа жұмыс орындары. Мемлекетке салық. Кәсіпкерге жаңа табыс көзі.

Сұхбат

PhotoRoom