Аймақтардан маңызды жаңалықтар

Аймақ
15.07.2014, 17:07

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 79 түлекке облыс әкімінің оқу грантын табыстады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Биылғы оқу жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектептерді 230 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бітірген (37-сі балалар үйлерінің түлектері). Олардың 79-ы облыстағы жоғары оқу орындарына, 130-ы колледждерде оқуға ниет білдірсе, 16-сы еліміздің өзге өңірлерінде білім алуға ықылас танытып отыр. Ал, қалған 5 түлек жұмысқа орналастырылған.

«Жастардың жарқын болашаққа деген үмітін өшірмей, оларға қамқорлық танытқан облыстағы 11 жоғары оқу орындарының басшылары ата-ана жылуын сезінбеген балаларды ақысыз тегін оқыту туралы шешім қабылдады», - делінген баспасөз баянында.

Салтанатты шараны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков түлектерге сәттілік тілеп, егемен еліміздің түрлі салаларында еңбек ететін білікті маман болып шығуларын аманаттады.

                                                                         ***

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атқарған жұмысы үшін Оңтүстік Кореядан келген делегацияға және оны бастап келген Чанг Ханг Сокқа алғысын білдірді.

Шетелдік мамандар Өскеменде қалқанша безі дертінен зардап шегіп жүрген 5 пациентке ота жасап, облыс орталығының 116 тұрғынын тексеріп, тиісті кеңестерін берді. Сондай-ақ жергілікті ақ халаттыларға шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Облыс басшысының сөзіне қарағанда, 2013 жылы қол қойылған ықпалдастық туралы меморандум аясында «Каннам Северанс» клиникасы ШҚО дәрігерлерінің біліктілігін арттырып, балаларға тегін ота жасауда үлкен көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, ШҚО кей дәрігерлері «Каннам Северанс» клиникасында сынау мерзімінен өтуде. Солардың бірі облыстық аурухананың хирургі Марат Қосамбеков.

ШҚО мен оңтүстіккорейлік клиника арасындағы ықпалдастық жалғасын табады. ШҚО жетекшілігі Өскеменде және Семейде салынып жатқан реабилитациялық орталықтарды кореялық медициналық аппараттармен жабдықтауға ниет білдірді.

Профессор Чанг Ханг Сок өз кезегінде облыстағы сапардан алған әсерімен бөлісті.

                                                                           ***

Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында онлайн форматында «Жас маман-2014» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шараны облыстық «Жастарды қолдау орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Онлайн жәрмеңкесіне жұмыс іздеуші ретінде тіркелген жастар шақырылып, 70-ке жуық адам келді.

Жәрмеңкеге аудан бойынша 21 мекемеден 287 бос жұмыс орны ұсынылып, жастардың сұрақтарына мамандар тарапынан жауап берілді.

 

Сұхбат

PhotoRoom