Тәуелсіздік бұрын соңды қолдан келе бермейтін мүмкіндіктерді жүзеге асыруға күш берді. Теміржолшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістан локомотив пайдалану депосы өнегелі іске ұйытқы болды. Ұрпаққа үлгі болсын, - деп, ашық аспан астында мұражай ашты. Бұл мұражайдың ең үлкен экспонаты - салмағы 108 тонна тартатын алып паровоз.
Түркістан локомотив пайдалану депосы 1904 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл мекеменің мұражайында сол кездегі тарихи оқиғаларды тізбектеп беретін суреттер мен теміржолшылар пайдаланған құралдар қойылған. Құнды құжаттарды жинақтап, мұражай ашқан депо басшылығы мұнымен де шектелген жоқ. Енді тіпті, мекеме алдына теміржолшылардың жұмыс істеген поездардың алғашқы буыны паровозды әкеп орнатты. Мырзахан Омаров - 87 жаста. Қарт машинист кезінде осы паровозды жүргізген. Бұл локомотив сонау Шығыс Қазақстанның Шемонайха стансанынан 2 мың шақырым жүріп келді. Енді міне, сырласындай болған паровозбен қайта қауышты.
Ашық аспан астындағы мұражайға өткен ғасырда теміржол вокзалында тұрған барлық жәдігер топтастырылды. Бұл жерде паровоздан бөлек, жанармаймен жүретін тепловоз да қойылған. Салмағы 100 тоннадан асатын алып локомотивтерді депо алдына орнату да - оңай шаруа емес. Дегенмен, мұның келешек ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні зор. Сондықтан бар күш-жігерді жұмсадық. Міне, тәуелсіздіктің тартуы осы. Шын ниеттенсең, қандай ауқымды жоба болсын, өз күшімізбен жасауға мүмкіндік алдық,- дейді депо басшысы.
Түркістан депосында 500-ге жуық қызметкер бар. Солардың ішінде еңбегімен ерекшеленген қызметкерлер төл мереке қарсаңында құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапатталды. Тамыздың алғашқы жексенбісі - теміржолшылар күні. Түркістандық теміржолшылар осылайша кәсіби мерекелерін лайықты сән салтанатымен қарсы алып отыр.