Арыс ауданында күзде екі жаңа жол пайдалануға беріледі. Мұндағы Шәуілдір-Ақдала жолы проблемалық нысандардың бірі еді. Өйткені күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы басталған болатын. Кейін, 2014 жылы құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Енді бұл мәселенің күрмеуі биыл шешіліп, нысанға 1 млрд 300 мың теңге бөлініп, тиісті істер қайта қолға алынды.
Сондай-ақ, биылғы қараша айында Арыс қаласындағы көпір де пайдалануға беріледі. Бұл жобаның сметалық құны — 374 млн 678 мың теңге. Мұнда құрылыс жұмыстары шілде айында басталған. Жоспар бойынша қараша айында аяқталуы тиіс.
Қазір қос нысанда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мердігер компанияларға тиісті қаржы толық аударылған. Аудан басшысының сөзінше, алдағы күз айларында облыстық маңызы бар екі жолда пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, мұнда халықтың серуендеп, тынығуына жағдай жасау мақсатында көп қабатты үйлердің аулалары мен 6 ауылдық округте жалпы саны 14 спорт алаңшасы мен көше бойларында скверлер салынуда.
1956 жылы қала статусын алған теміржолшылар мекені бүгінде көркейіп, көшелер қайта жөндеуден өтіп кеңейтілді. Көшелер жарықтандырылып, бейне камералар орнатылды. Бүгінгі күнге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 камера орнатылса, алдағы уақытта тағы көше қиылыстары мен тас жолдарда 60 бейнетіркеу құрылғылары орнатылады.