Оңтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Мәселен, биыл Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс өткізу шарасы аясында «Әлеуметтік қолдау» айлығы шеңберінде өңіріміздегі мүгедектер 100 пайыз қол арбамен қамтылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Яғни жыл басынан бері 1422 мүмкіндігі шектеулі азаматқа 1465 қол арба сатып алынып, оның 1107-і таратылды. Сөйтіп, облыс бойынша 1064 мүмкіндігі шектеулі азамат қол арбамен қамтылып, оның 43-не жеке оңалту жоспарына сәйкес бөлме ішілік және серуендік екі қол арбадан берілді.
Айта кетейік, өңірімізде 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрады. Оның 53 мыңнан астамы І және ІІ топтағы мүгедектер болса, 42 мыңға жуық азамат III топтағы мүгедектер болып табылады. Ал аймағымызда бала кезден мүгедектер саны 17286 адамды құрайды. Оның ішінде, 7744 мұқтаж мүгедек міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Б.Атамқұловтың бастамасымен «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс» шарасы бастау алған болатын. Аталған бұл игі іс түрлі айлық шараларымен ұйымдастырылып келеді. Мәселен,«Дені саудың жаны сау», «Әлеуметтік қолдау», «Отбасын қолдау», «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз Қазақстан!» және «Игі іс жасауға асық» атты бес түрлі айлық шаралар желтоқсан айына дейін жалғасады.
Мақсаты – еліміздің ширек ғасырдағы Тәуелсіздік жылдарында еңсе тіктеп, азат елге айналған халқымыздың қуанышына ортақтасып, әрбір қазақстандықтың мерекені сезінуіне атсалысу болып табылады.