Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары қауын-қарбызбен қатар жеміс-жидектен де мол өнім ала бастады. Биылғы ауа райының қолайлы болуынан баудағы ағаштар жемісін көтере алмай самсап тұр. Уылжып піскен жүзім мен алманың жаздық түрі Шымкентпен қатар Алматы, Астана және Ақтөбеге жөнелтіліп жатыр. Ал жемістің кештеу пісетін сұрыптары экспортталады.
Бағбандар биыл қарқынды бауға отырғызылған жеміс ағаштарынан мол өнім аламыз деп отыр. Сабағынан жаңа үзілген жүзімді ұзақ сақтауға болады. Уылжып піскен өнім тасымалға шыдамды. Мырзашөлдегі қарқынды бау биыл толық өнім салды. Сұлтан осы бақтағы жоғары сұрыпты алма мен жүзім қаламшаларын үш жыл бұрын өз қолымен отырғызған. Оқып жүріп осында тәжірибе жинады. Қолына дипломын алған соң ауылға келіп еңбек етуде.
Сұлтан Жолдасбаев, агроном: - Жүзімнің өзі жылусүйгіш және жарықты қажет етеді. Бізде құдайға шүкір, жылу да, бәрі жақсы. Мысалы, маусым айында 25 градус ыстық қажет. Бізде 25-30 градус болады. Яғни біздің климат өте қолайлы.
Ал, қазығұрттық шаруалар баптаған жеміс-жидек еліміздің түкпір-түкпірінде сатылуда. 500 гектардан астам қырлы жердегі қарқынды бауға алыс Италиядан әкелініп отырғызылған жемістер тамшылатып суарылады. Бауда алма мен жүзімнен бөлек алқоры, шабдалы, алмұрт, қара өрік сияқты жемістің бірнеше түрі өседі. Оларға ауыл адамдары күтім жасайды. Жергілікті жастарға қарқынды баудың қыр-сырын Түркиядан келген арнайы маман үйретеді. Ол әрбір көшеттің жиілігі мен жердің құнарына мән береді. Өйткені тыңайтқышты соған қарап қосады екен.
Бирол Қарабау, агроном: - Мына алманың Түркияда піскен алмаға қарағанда айырмашылығы жоқ. Бірақ сапасынан бұл жақтың өнімі артық болуы мүмкін. Өйткені сіздерде күннің көзі көп шығады. Сосын өнім жақсы болады.
Қожалықтың өнімді сақтайтын екі мың тонналық тоңазытқышы бар. Үзілген жемістер алдын сонда жиналады. Салқындатып барып жібереді. «Сонда ол өнім солмайды және дәмді болып жетеді», - дейді мамандар.
Нұрлан Құралов, «Аманкелді» ЖШС-нің бас директоры: - Бірінші жағынан, табиғи таза болатын болса, екінші жағынан, бұл өте балғын. Бүгін алқаптан жиналған өнім ертеңіне 15-20 сағат көлемінде Алматы, Астана қалаларына жетіп отыр. Жемістің ең пайдалысы – балғындығы.
Жыл өткен сайын облыс аумағындағы қарқынды бау көлемі де артып келеді. Өйткені жергілікті инвесторларға шығынның 40%-ы субсидия ретінде қайтарылады. Және өзгелерге қарағанда будандастырылған алма түрлері өнімді екі есе көп береді.
Айдос Абиханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: - Жай баудан сіз 8-10 тонна өнім алатын болсаңыз, интенсивті бау үш жылдан кейін 25-тен 50 тоннаға дейін өнім береді. Бұл экономикалық тұрғыдан да пайдалы. Сондықтан қазіргі таңда біздің ауылшаруашылық диқандары осы интенсивті бау егуге жаппай көшіп жатыр.
Облыста жеміс дақылдары мен жүзімнің барлық егіс көлемі 31 мың гектардан асып жығылған. Оның 20 мыңы әртүрлі жеміс дақылдары болса, 10 мыңы жүзім. Осы егістіктен биыл бағбандар 170 мың тонна жеміс-жидек жинаймыз деп жоспарлап отыр,-деп жазады 24.kz.