Қазығұрт ауданы Қонаев көшесі бойынан орын тепкен №182, №184, №186 көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық мәселесі шешіліп, мәз. Көктем-күзде шатыры шұрық тесік үйден ішке қарай су өтетін. Жұртшылық базынасын айтып, жергілікті әкімдікке де барған. Ауданның жаңа басшысы Төлеген Телғараев бұл мәселеге өзі араласты. Нәтижесінде тұрғынүйлердің шатыры ауысып, түйткілдің түйіні тарқады.
Тығырықтан шығу жолдарын қарастырған аудан әкімі тұрғындардың өтінішін аяқ асты етпеді. Төбесі шұрық тесілген пәтерлердің шатырын ауыстыруға кәсіпкерлерді тартты. Нәтижесінде, бір жеті ішінде жөндеу жұмыстары аяқталып, қарапайым халықтың өтініш-тілегі орындалды.
Баспана шатырын жаңартуды «Шанырақ ХХІ», «Стройэксперт» , «КомпанияТри-А+» ЖШС-тері өз міндеттеріне алған. Көпшіліктің үдесінен шығып, игі іске бастамашы болған мердігерлер пәтер иелерінің алғысына кенелді.
Көпқабатты тұрғын үйлерге 48 отбасы қоныстанған. Олардың дені - тұрмысы төмен отбасылар, жалғызілікті қарттар мен әйелдер, мүгедек жандар. Үйінің шатыры жөнделіп, көңілі көншіген тұрғындардың бірі -Гүлімхан Байымбетова. Азаматша «Енді жауыннан қаймықпай, жарқын өмір сүретін болдық», - деп қуануда.
Айтқандай, тұрғынүйлердің сыртын бояп, әрлеу жұмыстары да жоспарда бар. Ол күз айларына белгіленген. Жергілікті әкімдік бұл істі аула тұрғындарының өз міндеттеріне қалдырды.