SONY DSC
Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбайұлының туғанына -171 жыл.
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Өскенбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез.
Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды.
Осынау айтулы күнге орай, Абай атындағы Шымкент қалалық орталық кітапханада «Абайдың мәңгі өшпес өлеңі» атты әдеби танымдық кеш өтті.
Әдеби кешке қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен кітапхана оқырмандары қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен әңгімеледі.
Жиында жас ұрпаққа Абай шығармашылығын тереңдете оқытудың мәні үлкен екендігі айтылды. Тәуелсіздікті баянды ету үшін, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстауда Абай мұрасының маңыздылығы сөз болды.
Игі шараға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мен Абай атындағы Шымкент қалалық орталық кітапхана ұжымы ұйытқы болды.