Оңтүстік Қазақстанда «Құрылысшылар күніне» орай, бүгін Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Көрме орталығы» ғимаратында облыс аумағындағы барлық құрылыс компаниялары, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерінің қатысуымен төл мерекені атап өту мақсатында салтанатты шара өтті.
Сонымен қатар, мұнда құрылыс өнеркәсібіндегі жергілікті тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев «Құрылысшылар күні» мерекесімен барша қатысушыларды құттықтап, құрылыс саласында облысымыздың дамуына сіңірген еңбегі үшін бірқатар жұмысшыларды марапаттады. Онда 18 құрылыс саласының мамандары «Құрметті құрылысшы» төс белгісі мен ОҚО әкімінің грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды.
ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы ұйытқы болып отырған көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының 50-ден астам кәсіпорындары мен өңірдің ірі құрылыс компаниялары және мердігерлер қатысты.
Жергілікті тауар өндірушілерінің өнімдерін өткізуде нарықтарын кеңейту және ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысында жергілікті қамту үлесін арттыруды мақсат еткен көрмеге «Шымкентцемент» АҚ, «Стандарт Цемент» ЖШС, «Gold Aluminium» ЖШС және «Karlskrona LC AB» ЖШС сынды белгілі өнеркәсіп орындары қатысты.