Үкімет көмегінің арқасында ашылып жатқан өндіріс орындары өңірімізде көбейіп келеді. Мәселен: Байзақ ауданы Дихан ауылындағы кірпіш зауыты «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 20-млн. теңгеге қаржыландырып, бүгінгі таңда толық көлемде жұмыс істеп жатыр.
Бұл зауытта 50- шақты Дихан ауылының тұрғыны тұрақты жұмыс тапқан. 50-60 мың теңгеден айлықтары бар. Жалпы, осындай өнідіріс орындары ауылды жерде көбейгендігі дұрыс дейді тұрғындар. Кірпіш зауыты бұрыннан осында жұмыс істегенімен, алынған қаржыға жаңа қондырғылар қойылды. Бұл шығаратын өнім көлемінің артуына, зауыттың кеңеюіне жол ашты.
Мақсұт Оразбаев, бас инженер: 2013- жылдан бастап жұмыс істейміз. Бірақ биылғы жылы аталған жобаға қатыстық. Мемлекетке рахмет. Қолдап жатыр. Тағы да көмек алсақ па деп ойлаймыз. Шығаратын өнім көлемін арттыру үшін керек.
Шағын кірпіш зауытында қазіргі таңда күніне 25- мың кірпіш шығарылады. Оның 14- мыңы күйдірілген қызыл кірпіш. Зауыт басшылығы мемлекет қолдауына дән риза. Өйткені, бұл жергілікті халық үшін де үкімет үшін пайдалы. Себебі, осы жерден жаңа жұмыс көздері ашылды. Аудан бюджетіне жыл сайын салық түсімдері де көбейіп келеді.
Жаныс Әмірсейіт, жұмысшы: Осында жұмыс істеймін, соңғы үш жылда. Ауылымыз да алыс емес. Жұмысқа келіп кету де қиынға соға қоймайды. Мен осында қадағалаушы оператормын
Ауылды жерде өндіріс орындарының көбейіп, ел игілігі үшін жұмыс істеп жатқандығы қуантады. Зауыт алдағы уақытта жаңа цехтарды іске қосып, шығаратын өнім көлемін молайтуды қолға алады.