Жамбыл облысындағы құмды алқапта бекіре өсіріліп жатыр. Тұрар Рысқұлов ауданындағы жергілікті серіктестік осыдан үш жыл бұрын балық баптайтын зауыт тұрғызып, жұмысын бастаған еді. Енді келесі жылы бұл кәсіпорын қолға алған ісінің игілігін көріп, алғаш рет 100 келі қара уылдырық алмақ,-деп жазады 24.kz. Ал болашақта астың осы түрін тонналап өндіруді көздеп отыр. Асыл тұқымды жылқы өсіру ісімен айналысатын «Луговой жылқы зауыты» бірнеше жылдан бері бағалы балық түрін көбейтуді де қолға алды. Қазір зауыт тұрған орында бұрын мал жайылып жүретін. 1 жарым жыл ішінде нысанның құрылысы толығымен аяқталып, жұмыс басталып кетті. Зауытта қазір бекіренің 4 түрі өсіріледі. 7 мыңға жуық балық бар. Жұмыс толық автоматтандырылған. Технология еуропалық болғанымен, оны жергілікті жердің жігіттері мықты меңгеріп алған.
Нұрғали Сүгірәлиев, зауыт басшысы: - Алдымен уылдырықты алып келіп, одан шабақтарды шығардық. Балықтарды тәулігіне төрт рет тамақтандырамыз. Бұл жақсылап қарауды қажет ететін балық. Судың температурасы, ондағы оттегі мөлшері арнайы жабдықтар арқылы қадағаланып отырады. Сондай-ақ, суы арнайы тазалаудан өтеді, үш кезеңмен, механикалық, биологиялық және химиялық. Балықтарды бір жасқа жеткенге дейін осында күтіп-баптаймыз. Одан кейін Әулие атада өсірілген бекіре Атырауға жөнелтіледі. Онда балықтар Жайық өзеніндегі шаруашылықта жетіледі. Қазір зауыттың батыстағы филиалында 50 мыңнан астам бекіре бар.
Халит Базарәлиев, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС директоры: - Келесі жылы сол балықтардан 100 келіге дейін уылдырық аламыз. Әрине, бірінші кезекте ол ішкі нарыққа шығарылатын болады. Кейін жыл сайын өнім көлемін арттырып отырамыз. 3-4 жылдан кейін 5-7 тонна алатын жағдайға жетеміз деп жоспарлаудамыз. Сол кезде экспорт туралы да ойлануға болады.
Сондай-ақ, серіктестік уылдырықтан бөлек, балық етін де өндіретін болады. Осылайша, жамбылдық зауыт еліміздің тұрғындарын жеңсік аспен қарық қылуды көздеп отыр.