Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментімен мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы сот және өзге де уәкілетті органдардың актілерін орындау жүйесін жетілдіру мақсатында, Ішкі істер департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы арасында үш жақты Меморандумдардың жасалуы мен оларға қол қою ұйымдастырылған.
Құжаттар аясында ақпаратпен алмасу, бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастыру, мемлекет пайдасына әкімшілік айыппұлдар және басқа да төлемдер бойынша борышкерлерді анықтау, ол үшін арнайы техникалық құралдарды пайдалану, борышкерлердің автокөліктеріне тыйым салу және оларды айып тұрағына орналастыру, борышкерлерге берілген жүргізуші куәліктерінің қолданысын тоқтата тұру бойынша өзара іс-қимыл жасау мәселелері реттелді.
2016 жылдың басынан облыстың сот орындаушыларымен 51 676 атқарушылық құжаттар бойынша мемлекет пайдасына жалпы 814,241 млн. теңге өндірілген. Меморандумдарда көзделген шарттарды іске асыру нәтижесінде осы бағыттағы жұмыстың тиімділігінің артылуы күтілуде.
Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы конституциялық кепілдіктің маңызды құралы - сот актілерінің орындалуымен тікелей байланысты. Айта кетерлігі, осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанның сот актілерінің орындаушылық деңгейі де, оның сапасы мен тиімділігі де отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан жиі сынға ұшырайтын еді.
Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы түбегейлі реформалар аясындағы 27-і қадам жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартуды қарастырған болатын.
Осы бағытта былтырғы жылы арнайы заң қабылданып, Қазақстандағы жеке сот орындаушыларының өкілеттіктері кеңейтілді. Бүгінде бұл өзгерістер өз нәтижесін беруде.