Салтанатты шара Тараз – Алматы бағытындағы қала қақпасында бастау алып, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта жалғасын тапты.
Жамбыл жұрты ел қоржынына алғашқы күні-ақ жүлде салған жампозын қарсы алуға молынан жиналды. "Жарайсың, Елдос!", "Елдостың ерлігі елдікі" мазмұнындағы плакаттар ұстаған жастар мен тұрғындар Елдосқа ұзағынан шапалақ ұрып, ерекше қошемет көрсетті.
Мерекелік жиында Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров сөз алды.
- Жамбыл облысынан байрақты бәсекелерде топ жарған Жақсылық Үшкемпіров, Ислам Байрамуков, Бақтияр Артаев, Болат Жұмәділов, Ақжүрек Таңатаров секілді талай тарландар щыққан. Міне, енді сен де осы тұлғалардың қатарына қосылып, төрткүл дүние көз тіккен аламанда қазақ елінің туын көкке желбіреттің. Сенің жеңісіңе бұкіл қазақ елі, Жамбыл жұрты дән риза. Сені шын жүректен құттықтай отырып, алда әлі талай белестерді бағындыруыңа тілектеспіз,-деген қала басшысы Елдос Сметов пен бапкеріне шапан жапты.
Ал Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Елдосқа ел болып жанкүйер болғанын айта отырып, балуанға ақ батасын берді.
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері өз кезегінде барша жанкүйерлерге алғыс білдірді.
- Армысың қазақ елі, Жамбыл жұрты! Ең бірінші Жаратқанға, одан соң ата-анама алғысым шексіз. Бапкерлерімнің еңбегін да баса айтқым келеді. Маған жанкүйер болып, сенім артқан барша жанкүйерлерге рахмет! Алда талай жеңісімнің куәсі боласыздар деп ойлаймын!-деді Елдос Сметов.
Салтанатты шара соңында тұрғындар Елдос Сметовпен естелік суретке түсті.