Бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы - жаңа оқу жылына ойдағыдай дайындық. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың алдында қаладағы жалпы білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайыдығы жайындағы баяндамасында айтып өтті. Тарқатып айтар болсақ, осы оқу жылына жасөскіндерге білім беруге қала аумағындағы 127 мектеп, 87 балабақша, 9 мектептен тыс мекеме сақадай-сай. Алайда, қаладағы демографиялық өсім көрсеткішінің артуына орай білім ұяларына барар шәкірттердің саны да еселеніп келеді. Осыған байланысты мектеп тапшылығы орын алып отырғандығы жасырын емес. Бұл түйткілді шешу үшін мемлекеттік бағдарлама есебінен қаламызда бірқатар білім мекемелерінің құрылысы басталған. Сәтімен жүргізілген бұл құрылыс жұмыстары ретімен аяқталып білімпаз жастарды қабылдауға дайындалуда.
Мәселен, 2016 жылы басталған 7 мектептің құрылысы келер жылы пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, «Сәуле» ш/а 1200 орындық, «Достық» ш/а - 1200 орындық, «Жаңаталап» - 600 орындық, «Қайнарбұлақ» саяжайында - 1200 орындық, «Жұлдыз» - 300 орындық жаңа мектептер, «Мәртөбеде» - №27 мектепке 300 орынға, «Ақжайық» ш/а - №59 мектепке 600 орынға қосымша құрылыстар салынуда. Ал білім ұяларындағы күрделі, орташа жөндеу жұмыстары, оқулықпен қамту, қысқы жылыту, автотасымалдау жұмыстары да өз деңгейінде дайындық жұмыстарын аяқтап келеді. Қаладағы 105 мектеп ғимаратында толық жөндеу жұмыстары жүргізілген. 67 балабақшаға жылу жүйелерін жөндеп, қысымдаудан өткізілген. Тіпті, осы оқу жылында 7 мектеп үш ауысымда білім берсе, 2016-2017 оқу жылында үш ауысымда білім беретін мектептер 5-ке кеміді. Бұл орташа есеппен қаладағы білім беру мекемелерінің ғимарат мәселесі кезегімен оң шешімін тауып келе жатқандығын білдіреді.
Қуантарлығы, 1,8 сыныптардың оқушыларын 100 пайыз, 4-сыныптың «Ағылшын тілі», 9-сыныптар үшін «Зайырлы этика және дінтану негіздері» оқулықтарын толық алу үшін баспалармен келісім шарт жасалды. Сонымен қатар жас ұрпаққа жаңа технологияларды үйрету үшін қаладағы мектептердің барлығы интернет желісіне қосылған. Ағымдағы жылы мектептерге 2000 дана ноутбук алу жоспарлануда. Жалпы қаламыздағы білім мекемелері жаңа 2016-2017 оқу жылына дайын, - дейді қаланың бас ұстазы Жанат Арысбекқызы.