1 қыркүйек – Білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Жаңадан ашылған білім ошақтарының екеуі мектебі жоқ елді мекендерден бой көтерсе, жеті білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. Алты ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, тоғыз білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал бір мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.
Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда 6 мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте үш білім ошағынан алты мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта 2, Арыста 2, Түлкібаста 1, Созақта 1 және Шардарада 1 білім мекемесі жұмысын бастады.
Жалпы жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстанда 67 білім нысанының құрылысы жүргізілсе, бүгінге дейін соның 34 мектебі мен 4 балабақшасы ел игілігіне беріліп, пайдаланылуда. Жыл соңына дейін тағы бірқатар білім ошақтары елге қызмет етуді бастайды деп күтілуде. Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, жалпы 67 нысан пайдалануға тапсырылғанда өңіріміздегі 26 145 оқушы жаңа оқу ғимаратымен қамтылатын болады.
Жоғарыда аталған мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қатысты. Шымкенттегі № 54 орта мектеп 900 балаға шақталған. Білім күніне орай пайдалануға берілген барлық мектептер талапқа сай, заманауи үлгіде салынған.