Тараз қаласында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

Аймақ
01.09.2016, 23:37

Тараз қаласы Құмшағал шағын ауданында білім күні мерекесі аясында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев қатысып, оқушыларды білім ошағының ашылуы және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады,-деп жазады zhambylnews.kz.

Нысан құрылысы "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаржыландырылған болатын.

Мектептің жобалық құны - 749 млн. 149 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын "НИК Тараз" ЖШС мердігер компаниясы 2015 жылдың маусым айында бастап, ағымдағы жылдың тамызында аяқтады.

Білім нысаны 300 оқушыға арналған, жалпы ауданы - 3896, 2 шаршы метр. Мұнда 21 оқу бөлмесі, 110 орындық мәжіліс залы, 100 орындық асхана бар.

Оқыту тілі аралас мектеп жаңа модификациялы физика, химия, биология, лингафонды - мультимедиялық, компьютерлік кабинеттермен жабдықталған.

Жаңа ғимараттың ашылуына байланысты 3 ауысымда оқып келген  №19 мектеп оқушылары енді 2 ауысымға көшетін болады.

Бүгінде аталған білім ошағының 37 сыныбында 681 оқушы білім алып, 67 мұғалім еңбек етеді.

Сұхбат

PhotoRoom