Жамбыл облысының аудандары мен облыс орталығында жаңа әлеуметтік нысандардың кілттері салтанатты түрде табыс етілді.
Өңір басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Таразда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков «Арай» тұрғын үй алабындағы 80 пәтерлік үйдің жаңа иелеріне кілт табыс етті. «Агроспецстрой» ЖШС құрылысты 2015 жылы бастаған. Жыл аяғына дейін тағы бір көп пәтерлі тұрғын үйді тапсыруды жоспарлауда.
Жаңа «Балбұлақ» балабақшасының салтанатты ашылу рәсімі «Салтанат» шағынауданында өтті.
280 орындық мектепке дейінгі мекеме Сарысу ауданының Жаңатас қаласында, сондай-ақ Қордай ауданы Масаншы ауылында ашылды, 200 орындық балабақша Шу ауданы Шу қаласында пайдалануға берілді.
Тұтастай алғанда, ҚР Конституциясы күніне орай «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде облыстық бюджет есебінен 5 мектеп, 4 балабақша тапсырылды.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бағдарлама Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету мақсатында хаб қағидатында тиімді инфрақұрылым құру негізінде елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыруға, сондай-ақ сыртқы нарықта конъюктураның нашарлауы жағдайында экономиканың жекелеген секторларын қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған.