Қордай ауданына Германиядан швед тұқымды 200 бас сиыр әкелінбек

Аймақ
05.09.2016, 22:24

65566Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-тур бойынша журналистер Қордай ауданында болды. БАҚ өкілдері аудандағы бірқатар нысандарды аралады.

Қордай ауданындағы "Қақпатас-Қордай" ЖШС сауын сиырлар өсірумен бірнеше жылдан бері айналысады. Қазір мұнда 229 бас аналық сиыр бар. Олар күніне орта есеппен 17-18 литр сүт береді. Ферма толықтай шведтік технологиямен жабдықталған. Автоматты жүйе қай сиырдың қанша сүт бергенін анықтап, олардың денсаулығын да бақылайды. Егер құрал сиырдың денсаулығынан аз ғана өзгеріс байқаса, бірден мал дәрігерлерінің бақылауына алынады. Сондай-ақ, жүйе құрамына мал тұрған жердің ауасын салқындататын желдеткіш пен уқалайтын құрылғы кіреді. - Бізде сиырларға барлық жағдай жасалған. Тіпті автоматты қи шығару жүйесі де орнатылған. Бұл құрылғы сиырдың аяғына тисе бірден тоқтап, одан соң өз жұмысын жалғастырады. Бұл жабдықтардың барлығы Швециядан алынды. Сол елден келген мамандар құрылғыларды өздері орнатып, істің басы-қасында жүрді. Жобаның жалпы құны - 600 млн. теңгені құрады. Ферманы құрғанымыз үшін "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" бағдарламасы бойынша 30 пайыз субсидия алдық,-дейді меңгеруші Константин Окасов. Сиырлар күніне 2 рет: таңғы және кешкі 6-да сауылады. Автоматты құралдар бір уақытта 24 сиырды саууға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда сиырлар байланбай, емін-еркін жүреді, оларға тәулік бойы көк шөп, құнарлы азықтар мен жемнің бірнеше түрлері беріледі. - Серіктестіктің сүтін алматылық "Фуд Мастер" компаниясы күн сайын өздері алып кетеді. Қожалық аталған компаниямен 3 жылдан бері жұмыс істейді, сүтті қабылдау бағасы да көңілге қонымды, 87 теңге, -дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Молдабеков. Шаруа қожалығының ендігі мақсаты - ферманың сүт өндірісін арттыру. Бұл үшін олар биыл Германиядан күніне 30 литр сүт беретін швед тұқымды 200 бас сиыр алып келуді жоспарлауда. Бүгінде серіктестік басшысы осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізуде.

Сұхбат

PhotoRoom