Жамбыл облысындағы БАҚ өкілдері Қордай ауданындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмыысымен танысты. Өңірлік коммуникациялар ұйымдастырған пресс-тур барысында журналистер "Флагман" сауда үйі мен "Жиһаз 2" ЖШС-нің жұмысын аралап көрді.
"Флагман" сауда үйі тұтынушыларды азық-түлік өнімдерінен бастап киім-кешек, ыдыс-аяқ, мектеп оқушыларына арналған кеңсе заттары сияқты көптеген тауар түрлерімен қамтамасыз етеді.
Мұнда ұн, май, күріш секілді сұранысқа ие тауарларды төмен бағамен алуға болады. Ал ет жергілікті кәсіпкерлерден жеткізіледі.
- Нысан өз қаражамытымызға ашылды. Жеткізушілермен тікелей жұмыс жасайтындықтан тауарлар арзан. Баға бақылауда,-дейді орталық меңгерушісі Бағдагүл Дегенбаева.
Сауда үйінің бір ерекшелігі, нан және кондитерлік өнімдер осы жерде пісіріліп, сатып алушыларға жаңа күйінде ұсынылады. Бүгінде нанның 15 түрі осында өндірілуде.
- Біз күніне 30-40 дана торт және 50-60 келі тәтті тоқаштар пісіреміз. Тауарларымыз сұранысқа ие. Бөлімде 8 адам еңбек етеді,-дейді кондитерлік бөлімнің меңгерушісі Зәуре Әбдірайымова.
Орталық алдағы уақытта әлеуметтік нан өндірісін ұлғайтпақ, ол үшін арнайы пешке тапсырыс берілген. Сауда үйінде барлығы 35-40 адам жұмыс жасайды, олардың орташа айлық жалақысы 70 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар, қаламгер қауым Қордай ауданындағы құм блоктары, плиталар, брусчаткалар, еуро қабырғалар мен бетоннан жасалған бұйымдарды шығаратын "Жиһаз 2" ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Өндіріс орыны отандық шикізатты қолданады. Мұнда цемент Мойынқұмның Мыңарал, Хантау зауыттарынан, құм Шу ауданынан жеткізілсе, бояулар Алматы қаласынан алынады.
Серіктестік "Даму" қоры арқылы 8 млн. теңге несие алған. Қор оның 7 пайызын субсидиялаған.
- Мемлекет тарапынан қолдауды сезініп отырмыз. Алған несиемізді жарты жылдан соң толықтай өтейміз. Алға қойған мақсаттар мен жоспарлар көп,-дейді ЖШС директоры Марат Отарбаев.
Өндіріс орнында брусчатканың 25, құм блогының 7-8 түрі шығарылады. Олардың бағасы салмағы мен түріне қарай 100 теңге мен 250 теңге аралығын құрайды.
Мұнда 25 адам еңбек етеді. Ал тапсырыс көбейгенде жұмысшылар саны 40 адамға дейін артады. Олардың айлық жалақысы атқаратын қызметіне қарай 70 мыңнан 140 мыңға дейін барады. Жұмысшыларға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі және оларға таза киімдер алатын арнайы бөлме бөлінген. Бүгінде серіктестік тауарлары Шу және басқа аудандарға жеткізілуде.
- Тауарлардың өтуі көңілден шығады. Жақында ғана 3 мың текше метр брусчатка Шу қаласына жөнелтілді. Тапсырыс бойынша басқа да ұйымдармен келісім жүргізілуде,-дейді Марат Отарбаев.