Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда алты аллея салу жоспарланған болатын.
Бүгінге дейін ауданда «Құрметті азаматтар» және «Жастар» аллеяларының құрылысы аяқталып, наурыз айында пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда Бәйдібекте «Мәңгілік ел» аллеясының құрылыс жұмыстары басталды. Шаян ауылының кіре берісіндегі жол бойында орналасатын аллея республикалық бюджеттен қаржыландырылып, жалпы алаңы 0,75 га аумақты алып жатыр. Айта кету керек, бұрын бұл жердың орны бос жатқан алаң болатын.
Болашақта үлкен демалыс орнына айналуы тиіс аллеяға биіктігі 25 метр болатын еліміздің туы орнатылмақ. Арнайы қоршалып, жан-жағы абаттандырылатын орын заманауи жарықтандыру құралдарымен жабдықталып, оған субұрқақтар орнатылады. Нысан осы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек.
Мұнан бөлек, аудан жетекшілігі, алдағы күндері тағы үш аллеяның қазығын қағуды жоспарлап отыр. «Қобыз», «Үш би» және «Мұхтар Әуезов» деп аталатын саяжолдардың құрылысы таяуда басталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Шаянда ұзындығы 6,2 шақырым болатын 15 көше асфальтталып, пайдалануға берілді. Автокөліктерге арналған алты көше кеңейтіліп, жеті жолға (ұзындығы 3,5 шақырым) жаңадан аяқжол (тротуар) төселді.
Аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары мұнымен тоқтаған жоқ. Абаттандыру жұмыстарын жүйелі қолға алудың нәтижесінде, көше бойындағы жиектер (бордюрлар) жаңартылып, су ағатын арықтар орнатылды. Осылайша бәйдібектіктер еліміздің 25 жылдық мерекесіне қызу дайындалуда.