Кеңейтілген аппараттық мәжілісіте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы сараланып, қысқы жылыту маусымына дайындық жайы пысықталды. Күзгі дала жұмыстарының атқарылуы да назарға алынып, жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар берілді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы жөнінде ақпар берді. Мәселені жан-жақты қарап, талқылаған облыс әкімі Б.Атамқұлов өндірістік кесте бойынша құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне жол берген тиісті мемлекеттік органдар бірінші басшыларының жауапкершілігін қарауды тапсырды.
Екінші мәселе бойынша сөз алған облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жылыту маусымына 100 пайыз дайын деген ақпар берді. Осы мәселе жөнінде де жауапты азаматтардың жұмысын саралаған облыс басшысы аудан, қала әкімдері өз аумақтарындағы әлеуметтік нысандардың дайындық сапасы бойынша дербес жауап беретіндіктерін ескертті.
Үшінші мәселе бойынша облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы күзгі жиын-терін науқаны бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша хабарлама жасады. Аграрлы өңірдің басты шаруасын талқылаған облыс басшысы ауылшаруашылығы техникалары паркін жаңғырту мен дамыту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді, әрбір ауданда дайындық фермаларын ашуға ықпал ететін шараларды қарастыруды тапсырды.