ОҚО-да суармалы жердің көлемі артпақ

Аймақ
15.09.2016, 01:18

1455616536_zherlerdi-tiimdi-paidalanuӨңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық мәжіліс өтті. Аудан, қала әкімдерімен селекторлық режимде өткен жиында 6 мәселе қаралды.

Жиында Үкіметтің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы тарапынан берілген бірқатар тапсырмалардың орындалуы  бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.

Қазақстанда алдағы бес жылда айналымға кем дегенде 600 мың гектар суармалы жер қосылады. Су қорының талап етілетін көлемі төтенше жөндеу және жаңа су қоймаларын салу есебінен құрылады. Осы ретте аймақ басшысы егістікті ағын сумен толық қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып су қоймаларын салудың жоспарын әзірлеуді тапсырды.

─ Егістік алқаптарды суландыру мәселесін шешуде су қоймаларын салудың маңызы айрықша. Бүгінде үлкен су қоймасы Бәйдібек пен Отырар ауданында салынып жатыр. Биыл оның құрылысы аяқталуы тиіс. Облыстық басқарма барлық аудандарда осындай мүмкіндіктерді зерттеп, жоспар әзірлеуі тиіс, ─  деді Бейбіт Бәкірұлы.

Сонымен қатар, мәжілісте облыс әкімі аудандар мен қалаларда кәсіпкерлік пен кооперацияларды жаппай дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Осыған орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Оңтүстік Қазақстан облысында «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы қолға алынып отыр.

«Мемлекет басшысы Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесе елді мекендерде кооперативтер желісін ұлғайтуды тапсырып отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты жергілікті ауылшаруашылық өнімдерімен қамтып, қайта өңдеу кәсіпорындарының желісін ұлғайтпақ. Бұл жұмыстарды Мақтарал, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Сарыағаш аудандарында белсенді атқаруды тапсырамын», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, көрші облыстарда сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін айтқан облыс әкімі аталған өңірлермен әріптестік байланыс орнатуды жүктеді.

Мәжілісті қорытындылаған Б.Атамқұлов алға қойған міндеттердің барлығы тұрғындарды жұмыспен қамту екендігін қадап айтты.

Сұхбат

PhotoRoom