Қаланың даму концепциясы аясында Шымкентте 68 жоба жүзеге асуда. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихат депутаттары алдында берген есепті кездесуінде айтты.
Сессия жиынында шаһар басшысы өткен жылы қала экономикасына жан-жақты талдау жасалынып, қаланың 2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы дайындалғандығын жеткізді. Осылайша, жоспарланған іс-шараларды іске асыру үшін қаланың 2016 жылғы бюджетіне жаңадан 68 жоба (16,3 млрд.теңге жоспарланған) енгізілгендігін айтып өтті.
Осы жылдан бастап әкімдіктің жұмыс жоспарына қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, қала тұрғындарының қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру және қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру міндеттері қойылып отыр.
Осы мәселелерді толық қамтыған қала әкімінің есебіне қалалық мәслихат депутаттары оң баға берді.