Өскемендік өнертапқыштар робот ойлап тапты

Аймақ
17.09.2016, 00:36

Өскемендегі «Назарбаев зияткерлік» мектебінің жоғарғы сынып оқушылары тұрмыстық қоқыстарды сұрыптайтын робот ойлап тапты. Ғылыми жоба ретінде құрастырылған құлтемір қоқыстың түрі мен көлемін өзі анықтап контейнерлерге реттеп салады. Жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің ерекшелігін әріптесім Олжас Керейхан көріп қайтты.   Ғылыми жоба ретінде құрастырылған бұл шағын робот жайлы Жанасыл мен Аяла сағаттап айтып беруге дайын. Жас өнертапқыштар жетекшілерімен кеңесе келе әуелі компьютерде сызбасын жасапты. Одан соң түрлі конструкторлар мен пластикалардан робот құрастырды. Оның техникалық құрылымы да өте қарапайым. Электр қуаты арқылы іске қосылады.

Жанасыл Бақыт, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы  -Қазір біздің қаламызда  ауамыз өте лас. Табиғатымыз ластануда. Сондықтан, әрине, ол тұрғындарға денсаулығына зиян тигізеді. Біздің жобамыз тұрғындарға көмектеседі. Жас өнертапқыштардың жобасына қалалық коммуналдық қызмет саласының мамандары  қызығып отыр. Роботты әлі де жетілдірген соң өндірісте қолдануға дайын.

Айдос Байғонысов, коммуналдық қызмет жетекшісі  -Енді біздің ойымыз осыны тек қана жетілдіріп, толықтырып жүзеге асырсақ, Қазақстандағы қоқыс сұрыптауда үлкен жетістік болады деп ойлаймын. Егер қоқыс сұраптаушы робот іске қосылса, коммуналдық сала мамандарының жұмысы айтарлықтай жеңілдемек. Олар тек тиеумен ғана айналысады.

Сергей Казанцев, коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы -Қазір біздің уақытымыздың көбі қоқысты сұрыптауға кетеді. Ал егер қаттысы мен жұмсағы бөлек-бөлек жиналған болса, екі көлікке салып жүре береміз. Сондықтан бұл жоба тезірек іске қосылғанын қалаймыз.  Қазір Өскеменде қоқыс өңдеу зауытын салу үшін ірі жоба жасалып жатыр. Егер жоба іске асса, Жанасыл мен Аяла бұдан бөлек ірі жоба ұсынбақ. Оның сызбасына қазірден бастап кірісіп кетті.

Ақпарат көзі:khabar.kz

Сұхбат

PhotoRoom