Оңтүстікте «Ашық әкiмдiк» аясында 14 конкурс өткiзiлген

Аймақ
21.09.2016, 00:33

%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b2%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8fМектеп директорларын тағайындау жөнiндегi конкурстық комиссия жұмысы жаңа форматқа көштi. Тамыз айынан берi 14 мектеп директоры ашық конкурс негiзiнде тағайындалған. Оның тоғызы Сарыағаш ауданы, төртеуi Мақтаарал ауданы, ал, бiреуi Шымкент қаласындағы мектеп бойынша жүзеге асты.

Бұл туралы облыстық аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ОҚО әкiмi аппараты персоналды басқару қызметiнiң басшысы Жәнiбек Наушабай айтты.

Облыс әкiмi аппараты ақпараттандыру және мемлекеттiк қызмет көрсету мониторингi бөлiмiнiң басшысы Елнұр Өтебаев «Ашық әкiмдiк» аясындағы ашықтық туралы әңгiмелеп бердi.

– Комиссия құрамы 2012 жылдан берi жаңартылмаған екен. Оның жұмысында жариялылық пен мөлдiрлiлiк қамтамасыз етiлмеген. Сұхбаттасушыға қойылатын сұрақтар өзгертiлмеген, тiптi, кейбiр үмткерлерге сұрақтар жауабымен бiрге берiлген. Мұндай конкурстарда сыбайластық белең алуы мүмкiн. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, мемлекеттiк органдарға сенiмiн нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру мақсатында конкурс өткiзудiң жаңа форматын дайындадық, – дедi Елнұр Рақымбердiұлы.

Е.Өтебаевтың айтуынша, үмiткерге сұхбаттасу үшiн билет жүйесiмен 9 сұрақ берiледi. Ол 6 өлшем бойынша бағаланады. Конкурсқа қатысушының аналитикалық, стратегиялық бiлiмi мен машықтану дәрежесiн тексеруге арналған 8-9-шы сұрақтардың дайын жауап нұсқасы болмайды. Конкурс комиссиясының отырысы түгелдей бейнетаспаға жазылады. Сондай-ақ, тәуелсiз сарапшылар мен байқаушылар, БАҚ өкiлдерi қатыстырылады.

Жуырда Шымкент қаласындағы №8 мектепке директор қызметiне тағайындалған А.Сахова конкурстың ашық әрi шынайы түрде өткiзiлгенiн айтты. Оның пiкiрiнше, конкурсқа қатысушының педагогикалық тәжiрибесi мен жеткен жетiстiгiне аса мән берiледi екен.

Брифингте облыстық бiлiм басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ергашова журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бердi.

Сұхбат

PhotoRoom