Бұл туралы бүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов Елбасының жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде айтты.
Жұмысы жолға қойылған Шымкент пен Кентау, Түркістан мен Созақ, Түлкібас, Мақтарал және Казығұрттағы индустриалды аймақтар болса, мұнан бөлек, тағы 4 осындай аймақта бүгінде инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жиында Б.Атамқұлов бүгінге дейін облыстағы индустриалдық аймақтарда 52 жоба іске асырылып, 4025 жұмыс орны құрылғанын айтып, «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында жыл басынан 2 жоба іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылғанын жеткізді. Айта кеткен жөн, өсім бойынша облысымыз республикада алдыңғы қатарда келеді. Тарқатып айтсақ, бағдарлама аясында бюджетке түскен салықтардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 804 млн. теңгеге артып, 5,4 млрд. теңгені құраса, 6 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 384 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 5,3 пайызға артқан.
Өңірдің халық қалаулыларымен болған кездесуде өңір басшысы жыл басынан бері аймақта 10 денсаулық сақтау нысанынының құрылысы жүргізілсе, 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқаны айтты.
«Облысымызда әлемдік медицинадағы озық технологиялар пайдаланылуда. Балалар қан тамыр хирургиясын дамыту қолға алынды. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлініп отыр. Есепті кезеңде нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 13, қан айналымы аурулары 15, туберкулез 24, онкопатология 2 пайызға төмендеді», - деді аймақ басшысы.