Отырар ауданында үй кезегінде тұрған азаматтар баспанамен қамтылмақ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында 180 пәтер ел игілігіне беріледі. Қазір 3 қабатты 10 үйдің құрылысы біткен. Инфрақұрылым мәселесі де толығымен шешілген.
Бұл - Отырар ауданына қарасты Мыңшұқыр елдімекені. Аты айтып тұрғандай, ой-қыры көп ауылда көпқабатты үй тұрғызылады деген ешкімнің де қаперіне кірмеген, - дейді ауыл ақсақалдары. Енді міне, азаттықтың ақ таңы атқан арайлы күнде салтанаты жарасқан зәулім үйлер тұрғызылуда. Бұл – жеткен жетістіктің бір парасы,-деп жазады shymkenttv.kz.
Бақтыбай Сабыров, Мыңшұқыр елдімекенінің тұрғыны
Мыңшұқырда мұндай үйлер болады деп біз ойламағанбыз айналайын, ой шұқыр мұның бәрі. Ия қазақ айтады елге ел қосылса, құт деп, міне бізге құт келіп жатқан жайы юбар. Біз естідік үйлер салынады екен деп, бірақ сенбедік, рас. Міне, салынды, қуаныштымыз. Осы жерде балаларымыз баспаналы болып, тойын тойлаймыз деп отырмыз.
Көпқабатты үйдегі пәтерлер - 1 және 2 бөлмелі. Қажетті қаражат Республикалық бюджеттен бөлінген. Су, жарығы жетіп тұр. Үйдің сапасында мін жоқ. Мердігерлер ұзақ жылға кепілдік беріп отыр.
Төлебай Оразбеков, құрылысшы
Құрылыстың сапасына біз 50-60 жылға дейінгі кепілдік береміз. Өйткені, ешқандай да мін жоқ. Ай сайын план алып, сол бойынша жұмыс істеп отырдық.
Бұл баспаналар аудан көлемінде үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілмек. Әрине, алдымен ҰОС-ның ардагерлері мен жалғызбасты және көпбалалы аналарға беріледі. Кейіннен үй кезегінде тұрғандардың еншісіне тимек. Келешекте мемлекеттік қызметкерлер үшін де дәл осындай пәтерлер салынбақ.
Ерлан Айтаханов, Отырар ауданының әкімі
Біз мұнымен тоқтамаймыз. Келесі жылы тағы осындай 10 үйдің құрылысын жүргіземіз. Солай бұл кете береді. Қазір ауданда үй кезегінде 600-дей азамат тұр. Біз осы үйлерді беру арқылы олардың 30 пайызын баспанамен қамтиын деп отырмыз.
Мыңшұқыр елдімекеніндегі «Әл-Фараби» мөлтекауданы Арыстанбаб кесенесіне барар жолдың ажарын ашып тұр. Жеріне қарап, елін таны, - деген. Халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне келген әлеумет қасиетті жерге табан тірегенге дейін мұнда әлі 36 көпқабатты үй салынып бітпек.