Осы айдың басында облыс әкімі Б.Атамқұловтың бастамасымен бірнеше аудан әкімдері Алматы облысындағы «Байсерке-АГРО» оқу ғылыми өндірістік орталығының іс тәжірбиесімен танысып келген болатын.
Кешегі аптада аудан әкімі Е.Айтахановтың тапсырмасымен аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін бірнеше агроқұрылым директорлары мен жеке кәсіпкерлер «Байсерке-АГРО» оқу ғылыми өндірістік орталығына тәжірбие алмасуға барып келді.
«Байсерке-АГРО» - ның өндірісті ғылыммен ұштастырып, жүгері, жоңышқа, тары, соя т.б дақылдардан мол өнім алып жатқанын көзбен көріп, нәтижелі іске разы болып қайтты.
Бүгін аудан басшысы сол кәсіпкерлермен жеке кездесу өткізіп, сондағы жаңа технологияны ауданға қалай ендіруге болатыны жөнінде пікір алмасты. Жиында сөз алған «Отырар дән» ЖШС-нің директоры Б.Әлмахан жаңа технологияның артықшылығын көзімен көргенін және ғылымның соңғы жаңалығын ауданда да қолдануға болатынын әңгімеледі. Бұл жердегі басты кедергі 40 сантиметр тереңдікте жүргізілетін су асты тамшылатып суару құрал-жабдықтарының қымбаттығында екеніне тоқталды. Егер Үкімет тарапынан субсидия болса бұл жұмыстарды аудан көлемінде іске асыруға болатынын жеткізді.
Б.Алмаханның ұсынысын «Мол өнім» ЖШС-нің директоры А.Замирұлы, «Омар –ата» ш/қ төрағасы А.Омаровтар қызу қолдады.
Өз кезегінде Е.Айтаханов аудан әкімдігі тарапынан қолданыстағы заң аясында мүмкіндігінше қолдау болатынын жеткізді.
Одан бөлек ауданға тың жобаларды, атап айтқанда, мал бордақылау, ет бағытындағы құс шаруашылығы және заманауи үлгідегі жылыжайларды көптеп іске асыруға шақырды.
Кездесу соңында, аудан басшысы кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, оң нәтижеге жетуі үшін олардың жатпай-тұрмай жұмыс істеуі керек екенін баса айтты.