ОҚО-да болат құю зауыты ашылады

Аймақ
23.09.2016, 00:26

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бадам» индустриалдық аймағында болат құю зауыты ашылады. Бұл туралы matritca.kz сайты хабарлады.

"KARLSKRONA LC AB" компаниясы қолға алған зауытта су сорғыларына қажетті бөлшектер құйылады.

Жалпы қазіргі уақытта зауытта су сорғылары, электротехникалық құрылғы, реттеуші арматура, су тазалағыш және жылу, кәріз жүйелерінің қосалқы бөлшектері шығарылады. Кәсіпорын өз өнімдерімен бүгінде еліміздің ішкі сұранысын толық қамтып отыр. Басты тұтынушылардың бірі - «КазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ның уран өндіруші кәсіпорындары мен республикадағы ірілі-ұсақты қалалардың су арналары болып табылады. Сондай-ақ, компания өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспортталуда.

Жылдық өнімі 2500 сорғы шығаратын компанияда 200-ден астам адам еңбек етеді. «Karlskrona» зауыты басшыларының айтуынша,болат құю зауыты облыстың индустриалдық картасына енгізілген. Мұнда жылына 3 мың тонна болат құюға мүмкіндік бар.

Бір айта кетері, компанияның өнімдері жуырда өңірдегі тауарөндірушілердің байқауында «Үздік өндірістік тауар» номинациясына ие болған. Енді ол облыстың атынан республикалық конкурсқа қатысатын болады,-деп жазады rgmedia.kz сайты.

Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Оңтүстікте бүгінде 7 индустриалдық аймақ жұмыс істеуде.  Олар Шымкент, Кентау, Түркістан, Созақ, Түлкібас, Мақтаарал, Казығұрт аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, 4 индустриалдық аймақтың инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде. Жалпы индустриалдық аймақтарда 52 жоба іске асырылып, 4 025 жұмыс орны құрылды. «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында 27 млрд. теңгеге 16 жобаны іске қосып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл басынан 2 жоба іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылған.

Сұхбат

PhotoRoom