Шардара ауданында да мақта терім науқаны қызу жүріп жатыр. Аудандағы мақта алқабынан терілген алғашқы өнім «Ақ керуен» шарасы кезінде мақта зауытына жеткізілді. Биыл аудандағы шаруалар 123 мың гектар жерге ақ алтын шитін еккен. Мақта терім науқаны басталғалы дихандар 1420 тонна ақ алтын жинап үлгерді. Бұл - жалпы жоспардың оннан бірі ғана. Демек, қызу жұмыс басталды. Белгіленген баға да көңілге қонады.
Қайрат Жолдыбаев, Шардара ауданы әкімінің орынбасары
Жылдан жылға мақта егісі өсіп келе жатыр. Былтыр Шардара ауданы мақтадан өнім алу жағынан облыс көлемінде бірінші орынға шығып еді. Гектарына 37 центнерден өнім алып, жақсы көрсеткішке қол жеткізген. Биыл да толайым табыстарға жетеміз деп есептеймін.
Ал, дихандар терген мақтаны аудандағы 3 зауыт пен 26 мақта қабылдау бекеттері тоқтаусыз қабылдап жатыр. Солардың бірі - жақында ғана ашылған «АИИГ Қазақстан» мақта өңдеу зауыты. Бұл зауыттың қабылдау қуаттылығы - 50 мың тонна. Мұнда мақта өткізушілер үшін барлық жағдай қарастырылған.
Мейіржан Гатауов, зауыт директоры
Біздің жоспар бойынша 20-30 мың тонна мақта жинаймыз деп отырмыз. Зауытта 400 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың 99 пайызы - жергілікті тұрғындар. Құдай қаласа, жақсы жинаймыз деп отырмыз.
Өткен жылы аудандағы ақ алтынның түсімділігі гектарына 37 центнерді құраса, биылғы түсім 39 центнерден асады деп күтілуде. Егер табыс жақсы болса, келер жылы мақта алқабының көлемі артары сөзсіз,-деп хабарлайды shymkenttv.kz.