Таяуда мәслихат депутттарына берген есеп кездесуінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов өңірде жеті индустриалдық аймақтың табысты жұмыс істеп жатқанын баяндаған болатын. Сондай-ақ, олардың Шымкент, Кентау, Түркістан, Созақ, Түлкібас, Мақтаарал, Казығұрт аудандарында орналасқанын атап өткен. Сонымен қатар, өңірде төрт индустриалдық аймақтың инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде. Жалпы индустриалдық аймақтарда 52 жоба іске асырылып, 4 025 жұмыс орны құрылды. «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында 27 млрд. теңгеге 16 жоба іске қосылып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл басынан екі жоба іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылған.
Аталған индустриалдық аймақтың бірі жақын күндері Шардара ауданында ашылады. 35 гектар аумақта құрылып жатқан аймақтың инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы толығымен аяқталған. Бұл мақсатқа қазынадан 467,5 млн. теңге бөлінген. Су, электр энергиясы, кәрiз, көлiк коммуникациясы тартылған. Бiр шақырымнан астам жерге қуаттылығы 35 киловаттық электр желiсi тартылып, қосалқы станция сатып алынған. Су құбырлары жүргiзiлiп, 1,3 шақырым жолға асфальт төселген.
Шардара ауданы әкiмiнiң орынбасары Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, бүгiнгi таңда индустриалдық аймақта алты индустриалдық-инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде екі жобаны таяу күндері іске асыру басталады.