ОҚО-да жұмыссыздық деңгейі төмендеген

Аймақ
26.09.2016, 00:33

logo_dkz_2020Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы 10 шiлдедегi «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмiр сапасына қол жеткiзуiн қамтамасыз ете алатынын атап көрсеткен болатын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да бұл өзектi мәселенiң толық қамтылғаны мәлiм.

Өңiр басшысы Б.Атамқұловтың басшылығымен бұл бағытта атқарылып жатқан тындырымды тiрлiктер көп. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темiрбаеваның айтуынша, 2011–2015 жылдары «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберiнде әлеуметтiк қолдаулар жан-жақты көрсетiлiп, барлық жоспарлық көрсеткiштер орындалды. Мәселен, өткен жылы атқарылған жұмыстарды республикалық көрсеткiшпен салыстыратын болсақ, бөлiнген қаржының 14,6 пайызы бiздiң облыстың үлесiне тиедi екен. Оңтүстiк Қазақстан облысының халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөнiндегi 2016 жылға арналған кешендi жоспарына сәйкес жалпы 19 364,5 миллион теңге бөлiнiп, 57 200 адамның еңбекке орналастырылатыны жоспарланған болатын,-деп жазады okg.kz сайты.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiне дейiн 45 365 азамат әлеуметтiк қолдау шараларымен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 79,3 пайызын құрайды. Оның iшiнде өздiгiнше жұмысқа тұрғандар санатында 15 475 адам бар. Сөйтiп, жылдық тапсырма әзiрге 88,8 пайыз орындалды. Ал, жұмыссыздар ретiнде 29 890 адам (75,1 пайыз) тiркелдi. Аз қамтамасыз етiлген 4 727 адам тiркеуде тұр. Бұл жылдық тапсырманың 105 пайызын құрайды.

Әрине, атқарылған жұмыстың ауқымы мен көлемi қаржыға тiкелей байланысты екенi аян. Атап өтетiн жайт, биылғы 1 қыркүйекке дейiн бөлiнген қаржының 11,5 миллиард теңгесi игерiлдi. Демек, жылдық тапсырманың 60 пайызы еңсерiлдi. Таратып айтсақ, 1-бағыт бойынша 3,2 миллиард теңге, 2-бағыт бойынша 3,3 миллиард теңге, 3-бағыт бойынша 2,1 миллиард теңге қарастырылған болатын.

Аталмыш басқарма басшысының мәлiмдеуiнше, бiрiншi бағыттың мiндетi – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебiнен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Биыл бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтiк сақтандыру салаларындағы күрделi және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 541 жобаны жүзеге асыру үшiн республикалық бюджеттен 9 миллиард теңге бөлiндi. Жобаны жүзеге асыру барысында 3 579 жұмыс орнын ашу көзделiп, 1 949 адамды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру жоспарланды. Жалпы 83 инфрақұрылымға жоба аясында жөндеу жұмыстары басталды. Қосымша 1 544 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал, жұмыспен қамту орталықтары есебiнен барлығы 829 адам қамтылды. 13 жоба өз жұмысын аяқтап, тапсыру актiсiмен қабылданды. Екiншi бағытқа да қыруар қаржы қарастырылған. Атап айтқанда, ауылда кәсiпкерлiктi дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тiрек ауылдарды дамытуға облыс бойынша 2016 жылға 7 247,776 миллион теңге бөлiнiптi. Оның iшiнде: 7237,5 миллион теңгесi 2 072 адамды шағын несиелендiруге жұмсалса,

10,276 миллион теңгесi 514 адамды кәсiпкерлiктiң негiздерiн оқытуға қаралған.

Дана халқымыздың «Аш адамға балық берме, қармақ бер!» деген тәмсiлi тегiн айтылмаса керек-тi. 2016 жылдың 1 қыркүйегiне дейiн жалпы 1 253 адамға 3 317,1 миллион теңге шағын несие таратылды. Оның iшiнде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» есебiнен 118 азаматқа 300 миллион теңге берiлдi. Орташа көлемi 2,6 миллион теңгенi құрайды. Осылайша шағын несиемен-ақ шаруасын өрге сүйреп, тiрлiгiн дөңгелетiп отырғандар көбейiп келедi. Кәсiпкерлiк негiзiнде 514 адамды оқыту жоспарланып, 529-ы оқуын аяқтады. Жоспарға сәйкес қаралған қаржы толығымен игерiлдi. Үшiншi бағыт «Жұмыс берушiнiң қажеттiлiгi шеңберiнде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» деп аталады.

Кәсiби оқыту мақсатында 2016 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс берушiлердiң сұранысы бойынша 500 адам қайта даярлау курсына жолданыпты. Ал, 463 адам оқуды аяқтап, оның 447-сi тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап 55–64 жас аралығындағы 315 жұмыссыз азамат қайта даярлау курсына жолданған.

 Жұмыс берушiлерге өнеркәсiптiк кәсiпорындарда жұмыс орындарын сақтай отырып жұмысшыларын оқытуға грант бөлуге, қайта даярлау курсын ұйымдастыруға 60,3 миллион теңге бөлiндi. Бұл ретте оқу шығынының 80 пайызын мемлекет төлейдi, ал, 20 пайызын жұмыс берушi өз мойнына алады.

Жұмыс орнын сақтау шартымен 18-ден 24 жас аралығындағы жұмыс iстейтiн қызметкерлерге жалақы сақталмайтын қайта даярлау курсын оқытуға 86,4 миллион теңге қарастырылып, 2016 жылдың тамыз айының басынан бастап 195 жалдамалы жасқа қайта даярлау курсы ұйымдастырылды.

Әлеуметтiк жұмыс орындарын ашу бағытында биылғы 1 қыркүйекке дейiн 627 кәсiпорынмен келiсiмшарттар түзiлiп, 4 904 нысаналы топтағы азаматтарға әлеуметтiк жұмыс орны ашылды. Бұл жылдық жоспардың 123 пайызын құрайды. Орташа жалақы 51,5 мың теңгеден айналды. Мерзiмiнен бұрын оқуын аяқтаған 463 адамның 448 -i (96 пайызы) тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жастар практикасын ұйымдастыруға 1 512 жұмыс берушiмен келiсiмшарттар түзiлдi. Практикасын мерзiмiнен бұрын аяқтаған 2 526 адамның 1 879-ы (74,4 пайызы) тұрақты жұмыспен қамтылды.

Биыл барлығы 8263 адамды ақылы қоғамдық жұмыстарға жiберу жоспарланған екен, 1 қыркүйекке дейiн 5 198 адам уақытша жұмыспен қамтылыпты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесiнде 2016 жылдың екiншi тоқсанындағы статистикалық мәлiметтерге сәйкес жұмыссыздық деңгейi 5,2 пайызды құрады.

Сұхбат

PhotoRoom