Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қоры «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы аясында Өскемен қаласында «Аутизмге шалдыққан балаларға арналған» төртінші орталықты ашты.
«Асыл Мирас» орталықтары бұл аутизміге шалдыққан балалар мен олардың ата-аналары кәсіби мамандардан көпфункциялы көмектер ала алатын бірегей мекеме. Ондағы бір балаға арналған оңалту курсы 5,5 айға есептелген.
«Біз аутистік ақаулары бар балаларды әлеуметтік бейімдеуге және олардың толыққанды өмірін қалыптастыруға көмектескіміз келеді. Біздің қордың мақсаты оларды әлемдік деңгейдегі оңалту бағдарламасымен Қазақстанда қамтамасыз ету. Сондықтан да, біз оңалту бойынша әлемдік деңгейдегі жетекші мамандармен жұмыс істеудеміз. 2015 жылдың маусым айында біз Алматы қаласында алғашқы орталықты аштық, сосын қыркүйек айында осындай орталық Астана қаласында, ал 2016 жылдың маусым айында Қызылорда қаласында ашылды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бізге күн сайын ерекше балалардың ата-аналары хабарласып жатады. Қазіргі уақытта «Асыл Мирастың» үш орталығына 1530 отбасы көмек сұрап келді, 827 бала диагностиканың бірнеше кезеңінен өтті. 567 бала психологиялық-педагогикалық оңалту бағдарламасына енгізілді.
Өскемен қаласындағы жаңа орталықты қоса алғанда «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламалар желісі ағымдағы жылдың соңына дейін 478 бала мен олардың отбасылары ең заманауи оңалту, түзету және консультациялық көмектер ала алатын болады», - деді «Асыл Мирас» қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Төртінші балалар мекемесін ашу бұл «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын дамытудың жоспарлы қадамы. Жыл сайын төрт қалада бағдарлама қатысушылары аутизмі бар 700-ден астам балалар мен олардың отбасын қамтитын болады. Ерте диагностиканы енгізу, кәсіби оңалту бағдарламалары мен әлеуметтік ықпалдастыру Қазақстандағы ерекше балалардың өмір сапасын арттыруға бағытталады. Барлық орталықтар тегін қызмет көрсетеді.