Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев пен кен өндіру ісінің мамандары «Қызыл ата» кен өндіру орнында болып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып қайтты.Тынымсыз жүріп жатқан жұмыстардың барлығын аралап көрген қала басшысы қолға алынған игі іске көңілі толды. Кен барлау жұмыстарының алғашқы нәтижелері көңіл қуантарлық. Өйткені мыс, темір рудалары шығып жатыр. Қазіргі таңда кен орнында бұрғылау жұмыстары жалғасуда.
«Қызыл ата» кен өндіру жұмыстарын қолға алған «Айқараауыл» таукен компаниясы жұмысты тиісті деңгейде жүргізіп отыр. Бүгінгі таңда кен өндіру орнында 25 адам тұрақты жұмыс атқаруда. Қажетті техникалық жабдықтармен және көлік құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта жұмыс көлемі ұлғайып, жұмыспен қамтылатын адамдар саныда артпақ. Қаламызда кен өндіру жұмыстары қайта қолға алынды. Бұл өз кезінде қаланың экономикалық дамуына серпіліс беріп, жұмыссыздар саны төмендейтіні анық.
Еске салайық, жақында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Кентау қаласына қарасты кеншілер ауылы Ащысайда болып, тұралап қалған кен өндіру өндірісін қайта жандандыру мүмкіндігін қарастырып, кеншілерді жұмыспен қамтамасыз етуді қалалық билік пен əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясына тапсырған болатын.
Бүгінде жергілікті билік аталған тапсырмадан нәтиже шығарып, кен өндіру саласын қайта қолға алып отыр.