ОҚО-да Тәуелсіздіктің 25 жылдығына өнер мекемелері шалғай жатқан ауылдарда өнер көрсетпек

Аймақ
30.09.2016, 22:22

dsc_0142Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын шалғай елді мекендерде кең көлемде мерекелеу мақсатында «Өнерім саған – ауылым» атты көш жолға шықты.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына - 25 гастрольдік сапар және «Кітапханалық керуен – 25 ауылға» жобасы аясында облыстық 8 кәсіби театр, облыстық филармония, «Оңтүстік-Цирк», «Оңтүстікфильм» мекемелері мен облыстық кітапханалар қызметкерлері бар өнерлі көшті облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков салтанатты түрде  шығарып салды.

Аталған жоба өңір басшысы Б.Атамқұловтың облыстағы шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына мәдени қызмет көрсету мақсатында облыстық өнер мекемелерінің гастрольдік іссапарларын ұйымдастыру тапсырмасы аясында қолға алынып отыр.

Бүгін «Өнерім саған - ауылым» гастрольдік сапарымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры Түлкібас ауданының Машат ауылына, облыстық қуыршақ театры Сайрам ауданының Ынтымақ ауылына, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Сарыағаш ауданының Тегісшіл, Таскескен, Жартытөбе, Төңкеріс, Қапланбек ауылдарына, Түркістан қаласының сазды-драма театры Кентау қаласына гастрольдік сапарларын бастап, «Кітапханалық керуен – 25 ауылға» автокеруені Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы кездесуімен ұласады. Әр мәдениет және өнер мекемесі облыстың барлық аудандарындағы 25 ауылғаimg_1201 тоқтап, әр аялдамада спектакльдер мен концерттік, цирктік бағдарламалар, кездесу кештерін өткізеді.

Осы жылдың желтоқсан айына дейін жалғасын табатын аталмыш жоба, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қорытындыланады.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы мен жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Парасат» орденінің иегері Мархабат Байғұт қатысып, ауыл-елмен жүздесуге жолға шыққан өнер ұжымдарына ақ жол тіледі.

 

Сұхбат

PhotoRoom