2018 жылы еліміздегі премьер-лигаға кіретін барлық футбол командасының қатарында әйелдер құрамы да болуы тиіс. Қазақстанның футбол федерациясы осындай шешім қабылдады. Осыған орай еліміздің бірқатар облысында FIFA қамқорлығымен қыздар арасындағы «Футбол фестивалі» өткізілмек. Жарыс жалауы алғаш болып Өскемен қаласында көтерілді,- деп жазады 24.kz сайты. Спорттық шараға облыстың 17 мектебінен 400-ге жуық қыз бала қатысты. Олар футболдан сынға түсіп, сыйлыққа FIFA-ның доптарын алды. Фестиваль нәзікжандылардың футболға деген қызығушылығын арттырып отыр. Жаппай футбол секцияларына жазылып жатқан бұрымдылардың саны артып келеді. Алина Арашина, фестивальге қатысушы: - Маған фестиваль өте ұнады. Футбол секциясына қатысқым келеді. Аймақтағы барлық мектептердің оқушыларының қатысқанын қалаймын. Бұл жерде өте тамаша. Қызыққа кенеліп, рахат аласың.