Өскеменде өткен байқауда Шығыс Қазақстан облысының түрлі аудандарынан келген 11 өкіл үлгілі келін атану үшін өзара бәсекеге түсті.
Байқауда ең үлгілі келін атағына Үржар ауданының өкілі Алтынай Қожбанова лайықты деп танылды. Ал, байқаудың екінші орнын Абай ауданынан келген Эльмира Бірғамитова жеңіп алды. Үшінші орынға Глубоковский ауданының тұрғыны Мәдина Көпенова ие болды.
Айта кетейік, «Аяулы жас келін» облыстық байқауы ШҚО-да бірінші рет өтіп тұрған жоқ. Мұнда келіндер ұлттық тағам әзірлеудегі шеберліктерін, қазақ дәстүрлерін қаншалықты білетінін және өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті.
«Әр кезеңде байқауға қатысушылар қазылар алқасы мен көрермендерді таңқалдыруға тырысты. Кейбіреулері 6 тілде ән орындады, өздері шығарған өлеңдерін оқыды, өздері жасаған тұрмыстық заттарды әкелді», -делінген өңірдің Ақпарат орталығы таратқан мәліметтерде.