Өскемен мен Алматы тұрғындары дабылмен оянды. Шаһарларда шартты түрде қуаты 7 балдық жер сілкінісі тіркеліп, құтқарушылардың айтпай келетін апатқа дайындығы пысықталды. «5 баллдық зілзаладан кейін үйінділер астында адамдар қалды» деген дабыл түсе салысымен құтқарушылар аяғынан тік тұрды. Арнайы техника мен жабдықтардың көмегімен шұғыл іс-әрекетке көшті. Құтқарушыларға берілген тапсырма – төрт қабырғада қамалып қалғандарды уақыт оздырмай сыртқа алып шығу. Адамдарды ажалдан арашалап қалу үшін төтенше жағдай қызметкерлерімен қатар жедел-жәрдем де сақадай-сай тұруы қажет. Құтқару операциясы небәрі бірер минутқа созылды. Мамандардың сауатты қимылының арқасында адам шығына болған жоқ. Асылхан Қаппаев, Өскемен қаласының төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері -Өрт болған жағдайда, лифтіде қалып қойған жағдайда адамдар өздерін қалай ұстайды? Үйлердің қирауларында олар қалай әрекет етуі керек? Біздің құтқарушылар бұған шынайлықпен араласып, осы жаттығуды өткізді. Еліміздегі сейсмикалық жағынан ең қауіпті Алматы қаласынының төтенше жағдайлар қызметкерлері де дайындықтарын пысықтады. 1887 жылдан бері шаһарда қуаты 11 баллға дейін жететін 3 жер сілкінісі болған. Бүгін жаттығу кезінде мамандар зілзаланың салдарынан өрт шығып, жолдар мен көпірлер бұзылса не істеу керектігін пысықтады. Осылайша құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен дәрігерлер әрқашан сақадай сай болуы керек. Себебі олардың жұмысында таразыда адамның өмірі тұрады. Бұл туралы khabar.kz сайты жазады.