Оңтүстік Қазақстан облысында мәслихат депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары жүруде. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев хабарлады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық және Түркістан қалалық мәслихаттарынан шығып қалған депутаттардың орнына кандидаттарды ұсыну және тіркеу барысы бойынша өткен басқосуда тиісті кандидаттар анықталғаны айтылды. Атап айтқанда, №25 облыстық сайлау округі бойынша алты кандидат, оның ішінде, бес үміткер өзін-өзі ұсыну жолымен, бір азамат саяси партиядан тіркелсе, №13 Түркістан қалалық сайлау округі бойынша төрт кандидат, оның ішінде үшеуі өзін-өзі ұсыну жолымен, біреуі саяси партиядан ұсынылған.
«Қазіргі таңда аталған округтер бойынша облыстық мәслихатқа алты, қалалық мәслихатқа төрт кандидат тіркелді. Сайлау науқаны сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өтуде. Бүгінгі күнге дейін сайлау комиссиясына арыз-шағымдар түскен жоқ», - деді Ә.Өмірәлиев.
Айта кетейік, тіркелген үміткерлердің сайлауалды жұмыстары бесінші қазаннан басталды. Үгіт-насихат шаралары 28 қазан, сағат 24:00-ге дейін жалғасады. Ал үміткерлерді сайлау 30 қазан күні өтеді. Қосымша сұрақтар бойынша 24-72-32 нөміріне хабарласуға болады.