Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ауданның қол жеткізген жетістігі туралы баяндаған Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев мәлімдеді.
Оның айтуынша Тәуелсіздік алған күннен яғни, 1991 жылы шаруа қожалықтар тіркелгені саны 44 болса, 2016 жылы бұл 2 773 немесе 63 есеге көбейген.
"Осы уақыт аралығында еліміздің ішкі дамуына өңірлердің қосқан үлесі орасан болды. Оның ішінде, ауданымыздың да жеткен жетістігі мен дамуында ауыз толтырып айтарлық көрсеткіштер баршылық. 25 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша Байзақ ауданында көптеген мәселелер шешімін тауып, ауқымды іс еңсерілгеніне халық куә",-деді аудан әкімі.
Мәселен, Байзақ ауданы аумағы 4,6 мың шаршы шақырымды немесе Жамбыл облысы аумағының 3,1%-ын, республика аумағының 1,2%-ын құрайды және Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, батысы мен шығысы жағынан Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарымен шекаралас аудан саналады. Аудан құрылымында 18 ауылдық округ бар. Әкімшілік орталығы – Сарыкемер ауылы.
Соңғы жылдары экономиканың барлық салаларында өнім өндірудің өсіміне қол жеткізілді. 1991 жылы шаруашылықтың барлық санаттарында 7911 тонна ет өндірілсе, үстіміздегі жылдың тиісті кезеңіне 9739,3 тонна ет өндіріледі деп күтілуде немесе 123,1%-ды, сүт 1991 жылы – 14,1 мың тоннаны құраса, 2016 жылы 44,2 мың тоннаны – 3,1 есе өскен, жұмыртқа – 21,7 млн. дана болса, ағымдағы жылы 56,2 млн. дана 2,5 есеге өсіп отыр.
Ал мүйізді ірі қара саны 1991 жылы 32 437 басты құраса, бүгінгі таңда 33 702 басты құрап, 3,8 пайызға жетті. Осы жылдар ішінде жылқы саны 8 927-тен 9 931 басты құрап, 11,2 пайызға, ал түйе саны 231 бас болса, 2016 жылы 784 басты құрап, 3,4 есеге артқан. Қой 165,1 мың бас болса, үстіміздегі жылы 187,1 мың басты құрап, 13,3 пайызға өскен.