ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев «Алтай Invest-2016» Халықаралық инвестициялық форумының жұмысына қатысу үшін жұмыс сапарымен Өскемен қаласына келді. Сондай-ақ ҚР ҰБ басшысы ҚР ҰБ-тың Шығыс Қазақстан филиалына және Қазақстан теңге сарайына барды, деп хабарлады реттеушінің баспасөз қызметі.
«Шығыс Қазақстанда түсті металдар кен орындарының болуы бұл өңірдің дамуының экономикалық негізін айқындады. Шығыс Қазақстан облысы республикада мырыш, титан және магнийді, сондай-ақ сирек металдарды және атом электр станцияларына арналған отынды жалғыз өндіруші. Сондықтан ол шын мәнінде еліміздің индустриялық мақтанышы болып саналады» – деп атап өтті Д. Ақышев жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.
Оның айтуы бойынша, Шығыс Қазақстан облысының өндірілген жалпы өңірлік өнімнің 2016 жылғы 6 айдағы көлемі 1,1 трлн. теңге болды. Облыстың Қазақстан Республикасының ІЖӨ-сіндегі жалпы өңірлік өнімінің үлесі 5,8%-ды құрайды. Өнеркәсіптік өндірістің көлемі 2016 жылғы 9 айда 4,9%-ға ұлғайды.
«Облыстың банк секторы банктердің 30 филиалынан құралады. Облыстың банктеріндегі депозиттердің үлесі 2016 жылғы 8 айда 481,9 млрд. теңгеге дейін 26,8%-ға ұлғайды. Облыс бойынша инфляция 2016 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5,4% деңгейде қалыптасты, бұл республикалық көрсеткіштен (5,6%) төмен», – деген деректерді келтірді Д. Ақышев